Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, комиссия құрамына Уәлиханов ауданындағы жер қатынастары, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары, сәулет және құрылыс бөлімінің басшы орынбасары, сондай-ақ Ақбұлақ, Амангелді, Ақтүйесай, Қаратал, Телжан, Кішкенекөл және Қайрат ауылдық округтерінің әкімдері енген. Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот шығарған жеке ұйғарым негізінде оларға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында жер учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру конкурсын өткізу кезінде заң талаптарының сақталмағаны анықталды.
Мәселен, конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін бағалау кезінде ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуына берілетін балл біркелкі есептелмеген. Мәселен, «Керей» шаруа қожалығы мен «АБ Trade» шаруа қожалығының өтінімдеріндегі ветеринария мамандарының дипломдары есепке алынып, әрқайсысына 10 балдан берілген. Ал «Жасұлан» шаруа қожалығының өтінімінде көрсетілген дәл осындай маман бағалау кезінде ескерілмеген.
- «Жасұлан» шаруа қожалығы сотқа беріп, оның талап-арызы қанағаттандырылды. Даулы шешім заңсыз деп танылды. Қызметтік тергеп-тексеру аясында комиссия мүшелерінен түсініктемелер алынып, олар өз кінәларын мойындады. Тексеру қорытындысы бойынша олардың әрекеттерінен мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілері анықталды, - дейді департаменттің бас маманы Арай Каринова.
Осыған байланысты Әдеп жөніндегі кеңес Уәлиханов ауданының әкіміне жер комиссиясының мүшелеріне тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Уәлиханов аудандық әкімдігінің мәліметінше, комиссия мүшелері – барлық он мемлекеттік қызметшіге «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшілерге жаңа этикалық стандарттар енгізілетінін жазған едік.