Маралды алтын фабрикасының мәселесін 15 мамырға дейін шешеміз - Марат Қарабаев

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды алтын өндіру фабрикасының мәселесін келесі аптада түбегейлі шешетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіретін фабрика салу әлі күн тәртібінде тұр ма?» - деп сұрады БАҚ өкілдері.

Министр келесі аптада осы мәселе бойынша сондағы халықпен жан-жақты кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Жалпы, ол зауыт бойынша біз келесі аптада әкімдіктің өкілімен және жергілікті халықпен қосымша кездесу өткіземіз. Одан кейін ғана жауап беремін. Өйткені, бірнеше мәселе бар. Айтып отырғаныңыз дұрыс. Екі тарап бір-бірімен келісімге келіп отырған жоқ. Сондықтан, 9 мамыр мерекесі өткен соң баршасының басын қосып, қосымша мәліметін береміз.

Фабрика салу мәселесі, басқа да барлық мәселе әлі күн тәртібінде тұр. Қазір нақты мынандай шешім қабылданды деп айта алмаймын. Өйткені, келесі аптада әр тарапты тыңдап қана жауабын айтамыз. Шамалы сабыр сақтаңыздар. Мейрамнан кейін 15 мамырға дейін қосымша айтамыз», - деді Марат Қарабаев.