Марат Ахметжанов: Ақмола облысы – еліміздегі аграрлық сектордың жүрегі

АСТАНА. KAZINFORM – «JańaDala/GreenDay 2024» көрмесін ұйымдастыру үшін Ақмола облысының таңдалуы тегін емес. Аталған облыстың шаруалары еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына әжептәуір үлес қосып отыр.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС егіс даласында өтіп жатқан дәстүрлі форумның ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Ахметжанов жергілікті ауыл шаруашылығы саласындағы оң көрсеткіштерді тілге тиек етті.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Атап айтсақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының тауар айналымы 2 млрд долларды (950,5 млрд теңге) құраған. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 27% - ға артық. 2023 жылы өңірдің Франциямен сыртқы сауда айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 23 есе өсіп, 72 млн долларға (34,2 млрд теңге) жетті. Германиямен сауда айналымы 5 есеге дейін өсіп, 181 млн долларды құраған (86 млрд теңге).

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

«Бүгінде біздің облыс республиканың ірі астық егетін өңірлерінің бірі болып табылады. Ақмола облысында Қазақстандағы барлық құс етінің 30% - ы, тауық жұмыртқасының 16% - ы өндіріледі. Сондай-ақ біздің өңір азық-түлік тауарларын өндіру бойынша көшбасшылардың бірі. Жуырда АӨК бағытында жалпы сомасы 130 млрд теңгеден кем емес 79-дан астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді облыс басшысы.

Айта кетейік, жергілікті өндірушілердің ет және консерві өнімдері Ресей Федерациясына, ҚХР-ға, сүт өнімдері РФ-ға, ұн өнімдері жақын шет елдерге (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, ҚХР) және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады