Марат Ахметжанов Астана іргесіндегі ауылдарда жарық неге жиі өшетінін айтты

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Астана іргесіндегі ауылдардың электр қуатымен байланысты проблемалары Үкіметтің арнайы қаулысы негізінде шешімін табады. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Астана іргесіндегі Қоянды, Қараөткел, Жібек жолы секілді ауылдар мен Қосшы қаласы әлді күнге дейін көмір жағып отыр. Газ қашан тартылады?» - деп сұрады журналист.

Әкімнің сөзінше, аталған елді мекендерге газ тарту бағытында жобалау-сметалық құжаттар әзірленген. 2024 жылы бірнеше елді мекенде жұмыс басталмақ.

«Жалпы Аршалы ауданына газ жетті. 16 елді мекен газдандырылды. Енді осы жоба аясында Жібек жолы ауылы 17-ші елді мекен боп кіргелі отыр. Бұл жерде обьективті де, субьективті де жағдайлар бар. Ресми санақ бойынша алсақ, сол Жібек жолында 10 мың адам ғана тұрады. Ал негізгі халық саны 30 мыңнан асып тұр.

2024 жылға деген жоспар бар. Жобалау-сметалық құжаттар дайын. Газ іргеге жетсе болды, жұмыстар басталады. Нақты айтсақ, Жібек жолынан бөлек Қоянды, Қараөткел, Талапкер, Тайтөбе ауылдары мен Қосшы қаласы бар», - деді әкім.

Сондай-ақ, ол Астана іргесіндегі ауылдарда электр жарығы неге жиі өшетінін айтты.

«Бұл мәселенің өз тарихы бар. Үкімет қаулысын дайындап жатырмыз. Ондағы жеке тұрғын үйлердің көбі сатып алынған телімде бой көтерген. Оның тарихын өзіңіз де білетін шығарсыз. Жеке адамдар қосалқы станса қойып, халыққа электр қуатын таратқан. Әрине, осындай қосалқы стансаның кейбір иелері заңды тұлға ретінде мемлекеттен қосымша қаржы талап етіп отыр. Қазіргі таңда электр энергиясы саласындағы бүкіл құжаттарды мемлекеттік ету жоспарда бар. Жобалау-сметалық құжаттары дайын. Соның бәрі заман талабына сай етіп салынады. Бәрі коммуналдық меншікке алынып, тұрғындар жеке тұлға ретінде ортақ тариф бойынша төлейтін болады. Оны біз қазір заңдастыру мәселесімен айналысып жатырмыз. Кейбірін келісімшарт арқылы мемлекет балансына аламыз не болмаса жаңадан станса орнатамыз. Ондай мәселе Қосшыда да бар. Қолдан жасалған жүйелер бар. Қаты жел оқса, сөніп қалады. Оны да білеміз. Сондықтан қазір осындай жоспармен мәселені технология талаптарына сай шешеміз. Астана агломерациясын дамыту туралы Үкімет қаулысы қабылданған соң кірісеміз. Облыс бюджетінен де қаражат бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан үкімет қаулысы аясында республика бюджетінен ақша бөлінеді. Облыста тұрақсыз көші-қонның қарқынын да осы мәселемен байланыстыруға болады. Сондықтан оны түбегейлі шешуге мүдделіміз», - деді облыс әкімі.