Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Аудан тұрғындары көктемгі күн мен түннің теңелуі мен табиғаттың жаңаруы мерекесін Степняк қаласының орталық алаңында атап өтті. Осында киіз үй қалашығы да орналасқан. Әр киіз үйде аудан орталығының қонақтары мен тұрғындарына қазақтың ұлттық салт - дәстүрлері - тұсау кесу, беташар және сырға салу рәсімдері көрсетілді.
Аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, халықтың өмірін жақсартуға бағытталған өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді.
«Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз бұл күнді жыл басы, табиғаттың жаңаруы деп есептеп, береке мен молшылықтан үміт еткен. Бүкіл Қазақстан халқы үшін бұл мереке ерекше маңызға ие. Наурыз мерекесі біздің бірлігіміздің нығаюын білдіреді. Биыл ауданның тумасы, ақын, композитор Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толады. Мерейтойлық күнге орай бірқатар ауқымды іс - шаралар жоспарланып отыр», - деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, облыс әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Қазақстанда Наурыз жаңа форматта аталып өтілетініне ерекше тоқталды. Еліміздің әр өңірінде біздің дәстүрлеріміздің құндылықтарын дәріптеуге бағытталған Наурызнама онкүндігі өтуде. Оның барысында көптеген танымдық іс-шаралар ұйымдастырылған.
Наурыз мейрамы аясында облыс әкімінің алғыс хаттарымен әлеуметтік–экономикалық дамуға үлес қосқан аудан тұрғындары марапатталды.
Шара барысында Марат Ахметжанов киіз үй қалашығына, жергілікті қолөнершілер бұйымдарының көрмелеріне барып, мерекелік саудамен танысып, аудан тұрғындарымен әңгімелесті.
Дәстүр бойынша халық мерекелері шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуімен, ұлттық спорт ойындары бойынша жарыстармен жалғасты.
Айта кетсек, бұдан бұрын ақмолалықтар биыл Наурыз мейрамын ерекше нақышта тойлайтынын жазған едік.