Марат Башимов: Мемлекет басшысы әділеттілік принципіне сай заң жобасын ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропалық құқық және адам құқығы институтының директоры Марат Башимов жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – өте маңызды мәселе. Конституция бойынша Мемлекет басшысы заң жобасын ұсынуға құқығы бар. ҚР Президенті осы құқығын пайдаланып, Мәжіліске заң жобасын жолдады. Әдетте Президент ұсынған заң тез арада шешімін тауып, қабылданады. Бұл – өте жақсы нәрсе. Ол ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салуды заңмен бекітуді тапсырды. Яғни, бұл заң жобасында жерді шетелдіктерге ғана емес, акциясында шетелдік азаматтың үлесі бар заңды тұлғаларға да сатуға тыйым салынатыны жазылған», - дейді Марат Башимов.

Оның айтуынша, кейбір мемлекетте жерді шетелдіктерге сату туралы заң бар.

«Бұл заң жобасын әзірлеген кезде Мемлекет басшысы халықаралық тәжірибеге де қарамады, себебі ол халқымыздың мүддесін жоғары қойып отыр. Кейбір батыс мемлекеттерде жерді шетелге сату туралы заң бар, бірақ біз жас мемлекетпіз. Жер – мемлекеттің ең негізгі, ең маңызды атрибуты, сондықтан бұл Мемлекет басшысының ең басты маңызды шешімі деуге болады. Бұл шешім – Президентіміздің өзі айтатын әділеттілік, ашықтық принциптеріне сәйкес келеді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағаны туралы жазған болатынбыз.