Марат Бисенғалиев алматылықтарға Mr.Adam бірегей қойылымын ұсынды
Бармағынан бал тамған қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиев пен оның оркестрі алматылық жұртшылыққа классикалық және ұлттық музыка, визуалдық әсер, театр, кино, дыбыс және сурет араласқан қойылымды ұсынды. 16 музыкант музыка тілімен орташа статистикалық Адам өмірінің тарихын баяндап берді.
Сахнада ойналған барлық туындылардың авторы - бүкіл әлемге танымал британдық композитор, сэр Карл Дженкинс. Марат Бисенғалиев болса, оның шығармаларын жүректі тебірентетін тұтас тарих етіп шығарып ұсынды.
Mr.Adam премьерасында Карл Дженкинстің симфониялық сюиттерінің «Тілеп», «Абай», «Сары қыз» қазақ тақырыбындағы үзінділері ойналды. Мұнда композитор тек қазақ халық әуендерін, Абай әндерін негізге алған. Mr.Adam-да бұл эпизодтар тек скрипка, альт және виолончельде емес, дауылпаз, саз-сырнай, сыбызғы, қыл-қобыз, шаң-қобыз (варган) сияқты ұлттық аспаптарда орындалған.
Mr.Adam visuale концертінің шығармашылық, техникалық тосынсыйлары көп болды. Жарқыраған жиектемелердің ішінде болған музыканттар сахнада жүргенде, арнайы адамдар бұл жиектемелерді артынан жылжытып отырды. Жиектемелер әрі шыны, әрі экран болды - оларға суреттер проекцияланған.
Концерттің техникалық бөлігі Мәскеуде әзірленген, қоюшы режиссері - Мәскеудегі Михайлов театрындағы опера труппасының көркемдік жетекшісі Василий Бархатов. Ол Mr.Adam-дағы көптеген идеялардың авторы. Сондай-ақ жобаға көп еңбек сіңірген - оның бас продюсері Қайрат Күлбаев.
«Бұған дейін жарыққа шыққан «Дыбыс энергиясы» жобасы - бұл толығымен менің жобам, онда мен Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіндегі бүкіл әлем идеясын ұсынғанмын. Mr.Adam - cол туындының жалғасы, тек камералық сипатта. Адам өмірі туралы баяндап беру идеясы - Қайрат Күлбаевтікі. Біз шығармамызда адам өмірін туылған сәтінен бастап соңына дейін суреттедік. Микрофондардың көмегімен акустикалық залда ойнағандай әсер қалдырдық. Мен 1750 жылғы скрипкада, Джозеф Гальяноның аспабында ойнадым. 21-23 желтоқсан күндері Mr.Adam Астана жұртшылығына көрсетіледі. 2019 және 2020 жылдары біз Еуропа, Таяу Шығыс, Азия елдеріне үлкен турне жасамақпыз», - дейді Марат Бисенғалиев.
Автор - Альберт Ахметов