Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатындарға жазаның басқа түрін қолдануды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Марат Қожаев елде жол жүрісі қағидаларын жүйелі түрде бұзу тұрақты сипатқа ие болғанын және бұл мемлекет тарапынан үстірт емес, кешенді әрі принципті шешімдерді талап ететінін мәлімдеді.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Депутаттық сауалға адам өліміне әкеп соқтырған кезекті жол-көлік оқиғалары себеп болды. Өйткені жүргізушілердің бір бөлігі әкімшілік айыппұлды жаза ретінде қарастырмай келеді.

- Бұл жағдай қауіпті мінез-құлықты қалыптастырады, яғни жүйелі түрде тәртіп бұзушы ісі ауыр, қайтымсыз салдарға әкеп соқтырмайынша көлік жүргізуді жалғастыра береді, - деді М. Қожаев Сенаттың жалпы отырысында. 

Депутат осыған байланысты жылдамдықты бақылау жүйесін жетілдіру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бір жерден ғана суретке түсірудің профилактикалық әсері болмай отыр, өйткені жүргізушілер жылдамдықты камералар алдында ғана төмендете салады. Осы орайда елді мекендерде орташа жылдамдықты бақылауды енгізу ұсынылды.

- Жауапкершілік шаралары мен заңға бағыну мінез-құлқын ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету аса маңызды деп санаймыз. Тәртіп бұзбайтын жүргізушілерді ынталандыру жүйесін әзірлеу маңызды, яғни оларға қатысты міндетті сақтандыру құнын төмендету, сервистік өнімдерді пайдалану кезінде жеңілдіктер беру және басқа да ынталандыру тетіктерін қарастыру керек. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын адамдарға қатысты көлік құралдарын басқаруға жаңа әрі қатерге бағдарланған тәсілді енгізуді жеке қарастыруды ұсынамыз», - деп атап өтті сенатор.

Еске салсақ, сенат депутаты Марат Қожаев жүргізушілердің 5 пайызы жол ережесін жүйелі түрде бұзатынын айтты.

Бұл тұрғыда сенатор осы жүргізушілер айыппұлды жоғары сомада төлеуі керек екенін ұсынды.