Марат Сағымбек: Жолдауда ауылға да баса назар аударылуы айрықша қуантты

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Кең-байтақ еліміздің оңтүстік-шығыс шебіне қоныс тепкен Жетісу облысының Панфилов ауданы – негізінен аграрлы аймақ. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауылға, ауыл шаруашылығына байланысты атап көрсетілген мәселелер айрықша назар аудартты.

Бұл пікірді Жетісу облысы Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы Жолдаудағы ауыл шаруашылығы бағытына ұсынылған барлық реформалар – саланың жаңа жағдайда дамуына тың серпін беретін әрі дер кезінде қолға алынған шаралар деп санаймыз. Шын мәнінде игерілмеген жерлерді қайтару, су тапшылығын азайту, жолдарды жөндеу – ең көкейтесті мәселелер. Ал, ауылдардағы медицинаны дамыту – нағыз шешімін күтіп тұрған сала болатын. Мұны да шешу жолын Мемлекет басшысы мүлтіксіз көрсетіп берді», - дейді аудан басшысы.

Марат Сағымбектің айтуынша, Жолдаудағы әлеуметтік сала бойынша азаматтардың мүддесінің жан-жақты қорғалуы, әсіресе, әйелдердің зейнет жасын өзгерту мәселесін оңды шешіп, 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырғаны және бала күтімі үшін төлемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленетіні көпшіліктің көңілінен шыққан. Ал, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар кәмелет жасқа толғанға дейін олардың арнайы шотына түсіп тұратыны да жұртшылықты тәнті етті.

«Қазақстан халқына» қоры арқылы әлеуметтік жағынан аз қорғалған жандарға көмек көрсетілетіні де - әлеуметтік әділдік пен теңдікті орнатудың бір құралы екені даусыз. Үкіметке жастарға арналған жаңа 100 мың жұмыс орнын ашуды, оларға өз кәсібін бастау үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді тапсырғаны – жастарымыздың мықты маман, іскер кәсіпкер болуына жол ашады деп ойлаймыз. Жалпы, көптен күткен бұл Жолдауда мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ең маңызды мәселелер түгел қамтылып, оны орындауға байланысты нұсқаулар нақты атап көрсетілген», - дейді аудан әкімі.

Автор: Нұрәділ БЕГІМБЕТ