«Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өсімдік тектес есірткі құралдарын (марихуана, гашиш) дайындаумен, тасымалдаумен және еліміздің басқа өңірлеріне өткізумен (биылғы мамыр айынан бастап) айналысып келген Жамбыл облысы Шу ауданының 5 тұрғынынан тұратын қылмыстық топты құрықтады.
14 қазанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушыларын бір мезгілде ұстау жүзеге асырылды.
Тінту барысында жалпы салмағы 100 келiден асатын есірткі құралдарының (марихуана және гашиш) ірі партиясы, сондай-ақ Ақсу автоматы, 5,45 мм калибрлі 30-дан астам патрон тәркіленді», - делінген хабарламада.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) және ҚР ҚК 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұсталғандардың барлығы ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Фото: polisia.kz