Марина Седнева - Әйелдер күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері
19:02, 11 Сәуір 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен Азия чемпионатында қазақстандық Марина Седнева (55 келі) қола жүлдегер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық балуан 3-орын үшін сайыста Нгуень Ти Май Трангпен шеберлік байқасты. Белдесу барысында ол жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетсек, бүгін және ертең әйелдер күресінен Азия біріншілігі өтеді.
Бүгін 50, 55, 59, 68, 76 келідегі балуандар жүлделерді сарапқа салды. Олардың арасынан ел құрамасынан Маринадан басқа Эльмира Сыздықова (76 келі) финалға шықса, Диана Каюмова (59 келі), Елена Шалыгина (68 келі) қола жүлдеге таласады.
Еске салсақ, грек-рим күресінен Азия чемпионатында ел құрамасы жалпы есепте 3-орынға тұрақтады. Еншісінде 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар.