Марина Вольнова - әлем чемпионатының күміс жүлдегері

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Марина Вольнова Барбадостың Бриджтаун қаласында аяқталған бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медальдің иегері атанды.

Чемпионатта екі қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, алтын медаль үшін сынға түскен ол финалда бразилиялық Розели Фейтосаға есе жіберіп алды.

Осы күміс медалімен Марина бұған дейін Қазақстан қыздары қол жеткізбеген биікті бағындырды. Сыр өңірінің Қазалы қаласында туып-өскен ол қазақ тілінде сөйлегенде қазақтардың өзін жаңылдырып жібереді. Бала жасынан спортқа құмар болып өскен. Боксқа дейін бірқатар спорт түрлерімен айналысып көрді. Ол былғары қолғапты мектеп бітіргеннен кейін ғана киді. Міне, бас-аяғы 3-4 жылдың ішінде ол Қазақстанның ғана емес, Азияның да чемпионы болып үлгерді. Енді жаһандық жарыстан олжалы оралып отыр.