Марина Вольноваға Олимпиададағы «қоласы» үшін пәтер сыйға тартылды

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Лондондағы ХХХ Олимпиада ойындарының бокс бойынша қола жүлдегері Марина Вольнова мен оның жаттықтырушысы Берік Маржықпаевты марапаттады,

деп хабарлады астаналық спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

«Кеше Президент барлық олимпиадалық жеңімпаздарды, барлық қазақстандықтарды еліміздің бұл үлкен жеңісімен шын жүректен құттықтаған еді. Сондықтан мен бұл құттықтауларға қосылып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындағым келеді», - деді сенбі күні әкім М.Вольноваға Астанадағы жаңа екі бөлмелі пәтірдің кілтін табыс еткен кезінде.

«Марина, сен Қызылордада дүниеге келгеніңе қарамастан астаналық тұрғынсың және біз сені мақтан тұтамыз. Үйің әрқашан жайлы, жылы әрі жарық болсын, медалің саған сәттілік пен бақыт әкеле берсін», - деді спортшыны құттықтау сөзінде И.Тасмағамбетов.

Оның бапкері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, КСРО-ның спорт шебері Берік Маржықпаев 5 млн. теңгелік сертификат алды.

«Спортшының әрбір жеңісі - жекелеген олимпиадашының мақтанышы ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Сондықтан саған, Марина, жеңіске талпынысың үшін, алдыңа қойған мақсаттарыңа жеткенің үшін ерекше ризашылық білдіреміз. Оған қоса, Лондондағы Олимпиадада әйелдер боксы алғаш рет олимпиадалық спорт түрлерінің тізіміне енгенде, сен әлемдегі спортшылардың арасында осындай биіктерге шығып, бұл олжаның иегері атана алған аз адамның бірісің», - деді И.Тасмағамбетов.

«Сіздер спортпен айналысып, жаттығасыздар, жарыстарда жеңіске жетесіздер және бұл жеңістеріңіздің қаншалықты маңызды екенін аяғына дейін түсіне қоймайтын шығарсыздар. Өйткені сендерге балалар қарап, спортпен айналыса бастайды, өздерін шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа, мақсатқа ұмтылушылыққа тәрбиелеп, мемлекетіміздің лайықты азаматтарына айналуда, ал бұл еліміздің дамуы мен нығайюына септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан еңбегіңізді бағаламауға болмайды. Бұл пәтер - қызметіңіз бен еңбегіңізге деген аз ғана құрмет белгісі», - деп атап өтті И.Тасмағамбетов.

М.Вольнованың айтуынша, ресми шаралар аяқталған соң ол жаттығуларын жалғастырып, жаңа жарыстарға, соның ішінде Рио-де-Жанейродағы келесі өтетін Олимпиадаға дайындала бастайды.

«Қазір жаттықтырушыммен бірге айқастарымды талқылап, талдау жасаудамыз, жаттықтырушым барлық 4 жылға жоспар құрады. Кеше Мемлекет Басшысымен, бүгін Сіздермен кездестік. Барлық олимпиадалық спортшылардың атынан Сізге және бүкіл қалаға ризашылығымызды білдіргім келеді! Кеше қала көшелерімен көлікпен жүргенде, билбордтардағы жүздерімізді көрдік, өте қуанышты болды. Кеше астанадағы бұл мерекені ерекше сезіндік, көп рахмет!», - деді М.Вольнова.

Естеріңізге сала кетейік, ХХХ Олимпиада ойындарында әйелдер боксы алғаш рет Олимпиада ойындарының тізіміне кірді. Лондон алаңына шыққан бірінші қазақстандық әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта шыққан Марина Вольнова үш айқасты өткізіп, Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. Алғашында Кения өкілі Элизабет Андиегоны 20:11 есебімен, кейін қазіргі әлем чемпионы, алаңның иесі британдық Саванна Маршалды 16:12 есебімен сенімді жеңді. Және финалға шығу айқасында ғана болашақ Олимпиада чемпионы, АҚШ өкілі Кларисса Шилдсқа жол берді.

Марина Вольнова Астана қалалық ІІД-нің патрульдік полиция полкінің қызметкері болып жұмыс істейді.