Мария Әуезованың Елбасы алып берген протезбен жүрген сәтінің видеосы жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пауэрлифтингтен спорт шебері, альпинист Мария Әуезованың Елбасы алып берген протезбен алғашқы қадамын жасаған сәті жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter- де жазды.

«Нұрсұлтан Назарбаев: Жарайсың, Мария! Сен жастарға үлгісің!» деп басталатын видеода Елбасының жігерлі қызға деген ілтипаты берілген.

«Мария екі аяғы да тізеден жоғары кесілгеніне қарамастан, Эверест шыңына өрмелеген. Елестетіп көріңізші! Жап-жас қыздың рухы қандай биік, ерік-жігері қандай?! Мен оған қолдау білдіржім. Жарайсың, Мария! Сен жастарға үлгісің», - дейді Тұңғыш Президент.

Бұған дейін Елбасының пауэрлифтингтен спорт шебері, альпинист Мария Әуезовамен кездескенін жазған болатынбыз. https://kaz.inform.kz/news/elbasy-pauerliftingten-sport-sheberi-al-pinist-mariya-auezovamen-kezdesti_a3873924

Сәуір айында Мария Әуезова альпинистер тобымен бірге Эверестег базалық лагерге (5364 метр) және Кала-Патхар тауына (5640 метр) өрмелеп шыққан. Елбасы альпинистің ерлігіне тәнті болып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясында оған протез алуға көмектесуге уәде берген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен М.Әуезоваға бионикалық протез алынды және ол мамандардың бақылауымен бейімделу курсынан өтті.