ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында каноэде 500 метрге ескек есуден іріктеу сайысында қазақстандық жұп Мария Бровкова мен Руфина Искакова өз тобында 5-орынға ие болды.
Отандастарымыз аталған қашықтықты 2:00.05 секунд уақыт көрсеткішімен еңсеріп, мәре сызығына бесінші болып жетті. Осылайша еліміздің әйелдер құрамасы ширек финалда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Бұл Мария мен Руфина қатысып жатқан бірінші Олимпиада. Екеуі де лицензияны Токиодағы Азия чемпионатында жеңіп алған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.
Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.