Мария Шарапова допинг-сынақтан өтпей қалғанын мойындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік теннисші Мария Шарапова қаңтар айында, Австралияда өткен «Үлкен дулыға» турнирі кезінде допинг-сынақтан өтпей қалғанын мойындады.

Лос-Анджелесте өткен шұғыл баспасөз мәслихаты кезінде ол соңғы 10 жыл бойы отбасылық дәрігері жазып берген «мильдронат» дәрісін қолданып келе жатқанын айтты. Биылға дейін бұл дәріге Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) тарапынан ешқандай шектеу болмаған.

Жақында Халықаралық теннис федерациясы жолдаған хатта мильдронат (оны мельдоний деп те атайды) 2016 жылдан бастап тыйым салынған дәрі-дәрмектердің қатарына енгені хабарланған. Соның салдарынан теннисшінің допинг-сынамасы кері нәтиже көрсеткен.

Шарапова алдын ала 12 наурыздан бастап мәселенің мән-жайы анықталғанға дейін ойыннан шектелді, деп жазады Би-би-си.