Маркетплейстер арқылы алынған тауарларға қатысты жаңа кедендік талаптар енеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шетелдік маркетплейстер арқылы жасалатын онлайн саудаға қатысты ереже өзгереді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алып, халықаралық пошта жөнелтілімдері немесе тасымалдаушылар арқылы жеткізілетін тауарлар бұдан былай «жеке пайдалануға арналған тауарлар» деп аталмайды. Олар «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа бөлінеді.
— Аталған тауарлардың барлығы міндетті түрде кедендік декларациялауға жатады. Ол үшін «электрондық сауда тауарларына арналған декларация» деп аталатын жаңа үлгідегі құжат енгізіледі. Алайда сатып алушылар декларацияны өздері толтырмайды және тапсырмайды — бұл рәсімнің барлығын «электрондық сауда операторлары» жүзеге асырады. Яғни бұрынғыдай, жеке тұлға сәлемдемені беру пунктінен өзі алады немесе курьер арқылы жеткізіп алады, — делінген хабарламада.
Негізгі өзгерістер құны бажсыз әкелу шегінен асатын тауарларға қатысты болады. Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша, егер тауардың құны 200 еуродан (шамамен 120 мың теңге) асса немесе салмағы 31 келіден жоғары болса, артық бөлігіне 15% мөлшерінде кедендік баж және салық төленеді, не болмаса кемінде 1 килограмына 2 еуро есептеледі.
Түзетулер күшіне енгеннен кейін кедендік баж мөлшерлемесі өзгереді: егер тауардың құны 200 еуродан асса, бүкіл құнының 5%-ы мөлшерінде баж салығы салынады. Сонымен қатар кемінде 1 килограмына 1 еуро төлеу талабы сақталады. Яғни төлем екі көрсеткіштің (құны немесе салмағы бойынша) жоғарысы бойынша есептеледі. Бұған қоса, 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді.
Ведомствоның мәліметінше, 200 еуро көлеміндегі бажсыз әкелу шегі сақталады, ал салмақ бойынша шектеу алынып тасталады. Осылайша, егер сәлемдеменің құны 200 еуродан аспаса, жеке тұлғалар бұрынғыдай ешқандай төлем жасамайды.
Кедендік рәсімдердің барлығын «электрондық сауда операторлары» атқарады. Олар тауарларды жеткізуге, сақтауға, кедендік декларациялауға және тапсыруға жауапты кәсіби нарық қатысушылары болады.
Электрондық сауда операторларына қатысты кеден заңнамасына жаңа бөлім енгізіледі. Онда операторларды арнайы тізілімге енгізу шарттары, олардың құқықтары мен міндеттері, жауапкершілігі, сондай-ақ қызметін тоқтату немесе тізілімнен шығару тәртібі айқындалады.
Мемлекет басшысы қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне енгізілген аталған түзетулермен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады. Өзгерістер ЕАЭО туралы шартқа енгізілген хаттама ратификацияланғаннан кейін күшіне енеді. Қазіргі уақытта хаттаманы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы ратификациялаған, тек Ресей Федерациясы ғана бұл санатқа кірмейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын электрондық сауда тауарларын әкелудің жаңа шарттары мен ережелері қабылданған болатын.