Марокко 2030 жылға қарай 26 млн турист қабылдауды жоспарлап отыр

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Мароккоға рекордтық 19,8 миллион турист келген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Бұл туралы Марокконың Туризм, қолөнер, әлеуметтік экономика және ынтымақтастық министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.

Министрліктің деректеріне сәйкес, Патшалық алғаш рет 20 миллион турист межесіне жақындап отыр. Бұл туризм саласындағы тұрақты өсім үрдісін растап, сектор дамуының жаңа кезеңін білдіреді.

Аталған рекордтық көрсеткіштер 2023–2026 жылдарға арналған туризмді дамыту жол картасының табысты жүзеге асырылуының нақты нәтижелерін көрсетеді.

Бұл бағдарлама әуе қатынасын нығайтуға, қонақүй секторын құрылымдауға, туристік ұсыныстарды әртараптандыруға, қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Бұл өсім динамикасы 2025 жылдың қараша айының соңына қарай туризмнен түскен рекордтық табыспен қатар жүрді. Туризмнен түскен кіріс 124 миллиард дирхам (13 млрд АҚШ доллары) , 2024 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артқан.

Марокко 2030 жылға қарай 26 миллион турист қабылдауды және елді үлгілі туристік бағытқа айналдыруды мақсат етіп отыр.

Айта кетелік Мароккодағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті.