Марокко 7,2 миллион турист қабылдап, жаңа рекорд орнатты
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың мамырына дейін Марокко 7,2 миллион турист қабылдап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткішті 22 пайызға арттырды, деп хабарлайды AZƏRTAC.
Марокконың Туризм, қолөнер, әлеуметтік және ынтымақтастық экономикасы министрлігі бұл көрсеткіш елдің әлемдік туризм нарығындағы жетекші орындарын растайтынын және саланы дамытуға бағытталған стратегиялық шаралардың тиімділігін дәлелдейтінін мәлімдеді.
Министр Фатима Захра Аммордың айтуынша, бұл өсім Марокконың туристік бағыт ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Ол 2023–2026 жылдарға арналған Туризм жол картасының жүзеге асырылуымен тығыз байланысты. Аталған құжатта әуе қатынасын жақсарту, жарнама науқандарын күшейту және туристік ұсыныстардың әр алуандығын арттыруға бағытталған инвестицияларды ынталандыру секілді басым бағыттар қамтылған.
Аммордың айтуынша, бұл оң нәтиже Марокконың 2030 жылға дейін 26 миллион турист қабылдау жоспарының сәтті жүзеге асуына сенімділік береді.
Айта кетелік Қазақстан ТМД-да бірінші болып туризм статистикасына мобильді деректерді енгізгені туралы жазған едік.