Мароккода мигранттардың Испания бақылауындағы Сеутаға жаппай өту әрекеті тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Марокко билігі Испанияның бақылауындағы Сеутаға жаппай өтуге әрекет жасаған 109 заңсыз мигрант пен Марокконың екі азаматын ұстады, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Anadolu

15 тамызда жүздеген заңсыз мигрант Сеутаға жаппай өтуге тырысқан. Алайда Марокко күштік құрылымдары олардың әрекетіне тосқауыл қойған. Ұсталған мигранттар Африка елдерінің азаматтары.

Сеута мен Мелилья маңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, заңсыз өту әрекеттерінің алдын алу үшін қосымша күш пен техника жұмылдырылған. Операция барысында ұшқышсыз аппараттар, арнайы көліктер мен су шашатын техника қолданылды.

Марокко билігі әлеуметтік желілерде жаппай заңсыз көшуге шақыратын жарияланымдардың таралуын да бақылауға алған. Ел Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, белгісіз тұлғалар 15 тамызда Сеута мен Мелильяға жаппай өтуге шақырған хабарламалар таратқан.

Марокко билігі мұндай әрекеттердің ұйымдастырушыларын анықтау және заңсыз шекарадан өтуге жол бермеу бойынша операцияларды жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кетелік Испания мигранттардың жаңа жаппай ағымынан қауіптеніп, Сеутаға әскери кемелер жіберген еді.