Сәрсенбі күні Мароккода парламенттің төменгі палатасы — 395 депутаттық орыннан тұратын Өкілдер палатасына сайлау өтті. Дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санауға кірісті. Оның қорытындысы бейсенбі, 24 қыркүйекте жарияланады, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, бұл жолы сайлаушылардың 38%-ы дауыс беруге қатысқан. Ал 2021 жылғы қыркүйекте өткен парламент сайлауында азаматтардың 50,18%-ы өз таңдауын жасаған еді.
Биыл дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны 15,8 миллионнан асты. Депутаттық мандат үшін 7 288 кандидат бақ сынады, олардың 2 658-і — әйелдер. Сайлау барысын 3 206 бақылаушы қадағалады. Олардың қатарында 200 шетелдік өкіл болды.
Парламентте көпшілік дауысқа ие болу үшін кемінде 198 мандат қажет. Қазіргі болжам бойынша, бірде-бір партия мұндай басымдыққа жеке өзі қол жеткізе алмайды. Сол себепті сайлауда басым түскен саяси күш үкіметті жасақтау үшін басқа партиялармен бірігіп, коалиция құруы мүмкін.
Марокко Конституциясына сәйкес, король Өкілдер палатасында ең көп мандатқа ие болған партияның өкілін үкімет басшысы етіп тағайындайды. Ал министрлер құрамын премьер-министрдің ұсынысы негізінде монарх бекітеді.
2021 жылғы сайлауда тәуелсіздердің ұлттық бірлестігі 102 мандатпен бірінші орынға ие болды. Партия Аутентикалық және заманауи партиямен және «Тәуелсіздік» (Истикляль) партиясымен бірге Азиз Ахнуш бастаған үкіметті құрды.
Жаңа үкімет 2030 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындыққа бағытталған миллиардтаған инвестицияның игерілуіне жауап береді. Бұған қоса, билік халықты алаңдатқан жұмыс орындарын көбейту, табысты арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жұмысын жақсарту және тұрғын үй мәселесін шешуге тиіс.
Бұл — шамамен бір жыл бұрын әлеуметтік-экономикалық мәселелер аясында өткен жастар наразылығынан кейінгі алғашқы сайлау. Дауыс беру Марокконың солтүстігіндегі шекара арқылы Испанияның Сеута анклавына өтпек болған мигранттардың жаппай әрекетінен кейін ұйымдастырылды. Шекараны кесіп өтуге ұмтылғандар мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыс салдарынан ондаған адам қаза тапқан еді.
Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Марокконың MAP агенттігі Ішкі істер министрі Абдельафи Лафтитке сілтеме жасап, сайлаудың қорытындысын жариялады. Сайлау нәтижесінде «Аутентикалық және заманауи» партиясы 97 мандатпен көш бастады.
Al Jazeera телеарнасының Марокко Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, алдын ала мәлімет бойынша Ұлттық тәуелсіздер бірлестігі 66 мандатқа ие болды. «Тәуелсіздік» (Истикляль) партиясы 65, ал Әділет және даму партиясы 54 орын алды.
Бұған дейін Мароккода мигранттардың Сеутаға жаппай өту әрекеті тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз.