Сейсенбі күні NASA Марстағы өздігінен жүретін Perseverance аппараты түсірген жаңа суретті жариялады. Ғылыми топтың баспасөз хабарламасында айтылғандай, кадр зерттеушілер «Шарм көлі» деп атайтын аумақта түсірілген.
NASA мәліметінше, сурет 61 бөлек фотодан құрастырылған.
– Селфиде Perseverance марсоходының алдыңғы пландағы жартасты шығыңқы бөлікке қарай мачтасын бағыттап тұрғаны көрінеді. Ол бұған дейін дөңгелек абразиялық із жасаған. Ал артқы планда Езеро кратерінің батыс жиегі байқалады. Абразия кезінде марсоход жыныс бетінің бір бөлігін тегістейді. Бұл ғылыми топқа оның ішкі құрамын зерттеуге мүмкіндік береді, – деп жазды ғарыш агенттігі.
Селфи 11 наурыз, дүйсенбі күні, марсоходтың кратердің батыс шекарасынан тыс ең алыс нүктеге жетуі кезінде түсірілген.
NASA деректеріне сәйкес, жақында Марстағы 1800-ші күнін атап өтетін марсоход бұған дейін алты рет «селфи» жасаған. Perseverance Қызыл ғаламшарға 2021 жылғы 18 ақпанда қонған.
Агенттік мәліметінше, Perseverance селфиді роботтандырылған қолының ұшына орнатылған WATSON (Wide Angle Topographic Sensor for Operations and eNgineering) камерасының көмегімен түсірген. Құрама суретті жасау үшін камера шамамен бір сағат ішінде 62 дәл қозғалыс жасаған.
– Perseverance марсоходы Қызыл ғаламшардағы «Солтүстік науқан» деп аталатын бесінші ғылыми экспедициясын жүргізіп жатыр. Шарм көлі ауданы марсоход барған ғылыми тұрғыдан ең қызықты аумақтардың бірі саналады, – деп хабарлады агенттік осы аптада.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында Қытай Марсқа баратын миссия аясындағы халықаралық серіктестерді іріктеу жұмысын аяқтады.