Мәртебелі спорттық жарыстарда жеңісті орындарды иеленген бірқатар елордалықтарға ақшалай сыйақы тапсырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығында халықаралық мәртебелі жарыстарда жеңісті орындарды иеленген бірқатар спортшылар ақшалай сыйақымен марапатталды.

Үздік ретінде Астанадағы Олимпиадалық даярлау орталығы бапкері Екатерины Есикованың жетекшілігімен көркем гимнастика бөлімі танылды. Өтіп бара жатқан жылда ІІ Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында бес спортшыдан құралған команда қола медальді жеңіп алды. Орталықта бұл жетістікті жоғары бағалап отыр. Осы орайда спортшылар 3000 доллар көлеміндегі сертификаттармен марапатталды. «Үздік спортшы» аталымында байдаркалық есу спортшысы Екатерина Кальтенбергер марапатқа ие болды. Венгрияда өткен Юниорлар арасындағы әлем чемпионатында ол Зоя Ананченкомен жұптаса үшінші орынға қол созды. Сонымен қатар Инчхонда Азия ойындарында қоланы жеңіп алды. Бұл спортшыға 5000 доллар көлемінде сыйақы тапсырылды. Мұнымен қоса синхронды жүзуден Азиада-2014-тің қола жүлдегерлері апалы-сіңлілі Екатерина және Александра Немичтерге 1000 доллардан табысталды. Айта кетейік, халықаралық жарыстарға осы спортшыларды даярлаған бапкерлер де аталып өтті.