Мартиросян Головкиннің жойқын соққылары жайында пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық кәсіпқой боксшы Ванес Мартиросян қарсыласы Геннадий Головкинмен болған жекпе-жектен кейінгі жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Генадий Головкинге үлкен сый-құрметімді білдіргім келеді. Ол соққысы жойқын боксшы. Бұл тұрғыда үздік қарсыласпен рингке шыққаным мен үшін зор мәртебе. Осы жекпе-жекті толық әлеуетіммен, күш-жігеріммен өткізгім келген еді», - деп жазды Мартиросян Инстаграмда.

Сонымен қатар ол 3 апта қалғанда осы кездесуге қатысуға шешім жасағанына еш өкінбейтінін атап өтті.

«Бұл ретте ақталудың жөні жоқ. Сондықтан да жасаған қолдаулары үшін өзімнің командама, жанкүйерлеріме алғысымды айтқым келеді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин қарсыласы Ванес Мартиросянды айқын басымдықпен жеңді.

В. Мартиросян Головкинге қарымта соққылармен жауап беруге тырысқан еді. Алайда оның бұл тәсілдері нәтиже бермеді. Екінші раундта қазақстандық боксшы жойқын соққыларымен Ванесті сұлатып түсірді.



Фото: www.insidehboboxing.com/