Мары түркі әлемінің 2015 жылғы Мәдени астанасы болып сайланды
Түркіменстанның Мары қаласы келесі жылғы ТҮРКСОЙ астанасы болды, деп хабарлады ҚР МСМ баспасөз қызметі.
Мары қаласы Түркіменстанның оңтүстігінде орналасқан, көне қала Мерв құрметіне аталған. Көлемі бойынша мемлекеттің төртінші қаласы Марый велаятының орталығы болып табылады.
Мары ЮНЕСКО халықаралық ұйымының бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне кіретіндігін айта кеткен жөн. Қаладан шығысқа қарай 30 шақырым жерде, Байрам-Али қаласының солтүстік шекарасына таман көне Мерв қаласының археологиялық және архитектуралық ескерткіштері, соның ішінде Гяур-Қала (III ғ.), Үлкен және Кіші Қыз-Қала, Сұлтан-Қала, Эсхаб ағайындыларының зираттары (XV ғ.), Эрк-Қала қорғаны, Мұхаммед-ибн-Зейд кесенесі, сондай-ақ бұл жердің ең әйгілі ескерткіші - Санджар селжұқ Сұлтанының кесенесі (XI ғ.) орналасқан. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар бұл жердегі археологиялық ізденіс жұмыстарын әлі күнге дейін жалғастыруда.