Ермек Маржықпаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі туризм екенін атап өтті.
«Франция – бүкіл әлемдегі туристер үшін ең тартымды елдің бірі. Көптеген музей, ортағасырлық ғимарат, табиғи ландшафттың таңғажайып әралуандағы кез келген туристі бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Біздің еліміз де қолайлы географиялық жағдайға ие екенін айтқым келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар ел аумағының 10%-дан астам жерін алып жатыр. Қазақстанда заманауи туриске қажет дүниенің бәрі бар деп сеніммен айта аламын. Біз Франциядан келген туристерді қабылдауға және еліміздің бірегей табиғатын көрсетуге дайынбыз», - деді Ермек Маржықпаев.
Франция 2022 жылдан бері Олимпия ойындары қарсаңында Олимпиада қағидаттарын насихаттау мақсатында «әлем бойынша эстафета» спорттық іс-шарасын өткізіп келеді. Министрлік бұл бастаманы жыл сайын қолдайды. Бұл ретте, биыл наурыз айына жоспарланған эстафетаны ұйымдастыруға көмектесуге дайын. Министр аталған іс-шара аясында Париждегі Олимпиадаға билет ұтысын ұйымдастыруды ұсынды.
Сондай-ақ ведомство басшысы франциялық делегацияны және спортшыларын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.
Франция елшісі Дидье Канесс екі елдің туризм және спорт саласындағы ынтымақтастығына қызығушылық білдіріп, Қазақстан спортшыларына Париждегі Олимпия ойындарында табысты өнер көрсетуін тіледі.