Мас ер адам Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызының тежегішін жұлып алған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Мас ер адам Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызының тежегішін жұлып алған. Пойыз Кенбай стансасының тұсында шұғыл тоқтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, жедел тежегіштің салдарынан жолаушылар пойызы уақытынан 12 кешіккен.

«Полиция қызметкерлері Ақтөбе облысының 59 жастағы тұрғынын ұстады. Оның вагонның тамбурындағы шұғыл тоқтату тетігін жұлып алғаны анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ұсталған адамның орташа дәрежелі алкогольдік мас күйде екені белді болды. Ол Сағыз станциясына келгеннен кейін пойыздан түсірілді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабының 1-бөлігімен (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 560-бабының 1-бөлігімен (Жүк поездарында заңсыз жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 34 500 теңге айыппұл салынды», -дейді Мадияр Айтуғанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері департамент қызметкерлері 18 774 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 1 966 адам бар. Сондай-ақ, пойызды шұғыл тоқтату тежегішін бұзуға байланысты 13 жағдайы тіркелген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болғанын хабарлаған едік.