ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мас күйінде адам өлтірген 39 жасар тұрғынға қатысты үкім шығарды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, арақ ішіп, үйлеріне қайтып келе жатқан ағайынды екеу қаңтарылып тұрған жеңіл автокөліктерді көреді. Ағайындының бірі автокөлік есігінің кілтін пышақпен ашып, ұрлау мақсатымен ішіне кіргенде, екіншісі қарап тұрады. Осы кезде таяу маңдағы үйден бейтаныс ер адам шығып, бұларды қуа жөнеледі. Олардың арасында төбелес орын алып, соның барысында сотталушы бейтаныстың денесіне бірнеше жерінен пышақ салады. Ол оқиға орнында көз жұмады.
Сот сотталушыны ҚР ҚК 96-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танып, қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеуге 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуді белгіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).