Мас күйінде көлік басқарғандарға жауапкершілік қаталдана түсуі шарт - Р. Сәрпеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс жобасына қатысты депутат Рамазан Сәрпеков осындай пікір білдірді.

Депутат сөз арасында бұқаралық ақпарат құралдары жиі көтеріп келе жатқан мәселенің бірі көлікті мас күйінде жүргізгендерге қарастырлатын жауапкершілік екенін алға тартты. Оның айтуынша, бүгінгі ресми деректер бойынша жылына 4 мыңға жуық адам мас күйінде көлік жүргізу зардабынан көз жұмады. 20 мыңға жуық азаматтар түрлі дене жарақаттарын алады.

«Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-тармағында көлік жүргізушісі мас күйінде бір адамның өліміне соқтырса 5 жылға дейін, екі және одан да көп адамның өліміне соқтырса 10 жылға дейін бас бостандығынан айырып, оның жазасын өтеуі қоныс-колонияларда тағайындалады. Яғни, қолданыстағы кодекс мас күйіндегі кісі өлімін «абайсызда жасалатын кісі өлімі» ретінде қарастырып отыр. Ал осы жаңа кодекс жобасында мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасағандар қасақана қылмыс жасағандар санатына жатқызылады. Бұл әрине, дұрыс. Дегенмен, менің ойымша, осылай жазаны бөлгеннің өзінде кінәлі тұлғаның қазіргі жазалануы қоғамға тигізер зардабы тұрғысынан сәйкес емес секілді», - деді Р. Сәрпеков.