Мас күйінде көлік жүргізген құқық қорғаушы жұмысынан айырылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада автокөлікті мас күйінде жүргізгені үшін ішкі істер органдарының қызметкері жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.

Биыл полиция қызметкерлерінің кінәсінен 3 ЖКО орын алды және 74 әкімшілік құқық бұзушылық жасалыпты. Соның ішінде ІІД ҰҚКБ қызметкері Байғазинов автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін жұмысынан шығарылды. Бұған қоса, бұрынғы полицей басқарған автокөліктің алдыңғы мемлекеттік нөмір белгісі, сондай-ақ жүргізуші куәлігі болмаған.

Алайда Байғазинді жолда тоқтатқан полиция қызметкерлерінің істі соңына дейін жеткізбеуінен экс-полицей әкімшілік жазадан құтылып кеткен. Дегенмен бұл іске прокуратура араласып, аталмыш қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылды, ал өз ісіне салғырт қараған тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.