Тоқтала кететін жайт, жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс жобасында жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде мас күйінде рульге отырып, кісі өліміне соқтыратын оқиғалар тудырғандарға қатысты жаза күшейтіледі. Бұл ретте кісі өліміне соқтыратын аса ауыр қылмыстарға қатысты тараптардың ортақ келісімге келуі, мәмілелер жасасуы алынып тасталмақ.
«Мас болып, жол-көлік оқиғаларын жасайтындарға көптеген елдер жауапкершілікті қатайтты. Егер адам рульге отырмас бұрын спирттік ішімдіктер ішкен болса, осының өзі оның әдейі қылмысқа барғанын көрсетеді. Ал жауапкершілікті арттыру жүргізушілердің тәртібін күшейтпек», - дейді И. Меркель.
Бұдан бөлек, Бас прокурордың бірінші орынбасары мас күйінде көлікті басқару фактілері көптеп кездесетінін айтып: «сондықтан да біз бұны қасақана жасалатын қылмыстар қатарына жатқызып отырмыз» деді.
«Ендігіде, мас күйінде көлігімен кісі өліміне соқтырған жол оқиғаларын жасағандар үшін тараптардың өзара келісуіне жол берілмейді. Біз ондайлар үшін көлік жүргізу куәлігінен айыру мерзімін де ұзартып отырмыз. Қазір бізде қалай? Адам жол-көлік оқиғасын жасаса да, оның көлік жүргізуге қатысты құқығы сол қалпында немесе қарастырылмаған күйі қалады. Сол үшін біз бұл мәселені міндетті түрде қарастыруды енгіздік, ондайлар міндетті түрде жүргізуші құқығынан айырылатын болады», - деді И. Меркель.