Мас күйінде жасалған қылмыстар еліміздің 6 өңірінде жиі тіркеледі
«Мас күйінде жасалған қылмыстар қазіргі қоғамның өзекті мәселесі болып қала береді. Мұндай қылмыстардың үлесіне аса ауыр қылмыстардың шамамен 40%-на және ауыр қылмыстардың 13%-на тиесілі. Олардың ішінде 70%-ы кісі өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру, әрбір екінші зорлау және үшінші бұзақылық бар. 5 жыл ішінде мас қылмыскерлердің қолынан 2 361 адам қайтыс болды», - деп жазылған министрліктің 4 жылдық жоспарға енгізген мәліметтерінде.
Мұндай қылмыстарды көбіне 23 пен 51 жас аралығындағы жұмссыз адамдар жасайды.
«Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың шамамен 70%-і алкогольді асыра пайдалану салдарынан орын алады. Статистикаға сәйкес, мас күйінде қылмыс жасаған әрбір оныншы адам алкогольге тәуелділігі бойынша есепте тұрады. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша наркологиялық есепте 57 мыңнан астам адам тұр. Алайда аталған мәліметтер нақты көріністі көрсетпейді, өйткені олар бұрын құқық бұзушылық жасаған адамдар туралы деректер негізінде полицияның бастамасы бойынша қалыптастырылған», - деп көрсетілген жоспарда.
Мас күйінде жасалған қылмыстар әсіресе Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында жиі тіркеледі.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2018 жылы жасаған алкогольді тұтыну деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісіне сәйкес, Қазақстан жан басына шаққанда жылына 7,7 литр алкоголь тұтыну көрсеткішімен 189 елдің ішінен 76-орында тұр. Халықаралық критерийлер бойынша бір адамның 8 литрден астам ішімдік тұтынуы ұлт генофондын құрдымға жетелейді», - деп тұжырымдамаға түсіндірме берген Ішкі істер министрлігі.