Маса шаққан әйелдің аяғы мен қолын кесіп тастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқыс оқиға Кельн қаласында наурыз айында болғанымен, жай-жапсары енді ғана анықталып отыр. Келеңсіз жағдай сыпырушы қызметін атқаратын әйел шелекке салынған қоқысты шығарып келе жатқанда болған.

Оған жіліншігін маса шағып алған сияқты көрінген, деп хабарлайды Die Welt.

Санаулы минуттардың ішінде оның аяғы ісіп шыға келеді. Осыдан кейін зардап шегушінің ыстығы көтерілген. Есі шыққан әйел күйеуіне қоңырау шалып, ол дереу жақын жердегі клиникаға жеткізеді.

Дәрігерлер зардап шеккен әйелді қарап, ауырсынуды басатын дәрі еккеннен кейін, әйелдің жағдайы біршама түзелген. Бірақ үйіне келгенде жағдайы нашарлап, ауруханаға қайта баруына тура келеді. Бірнеше сағаттық интенсивті терапия да айтарлықтай нәтиже бере қоймаған. Ауырғаны тек күшейе түскен. Әйел комаға түсіп, бір апта ес-түссіз жатты. Осы уақытта аяқтары мен сол қолының саусақтары жансыздана бастаған. Дәрігерлер емделушінің өмірін сақтап қалу үшін ота жасап, зақымданған аяқ-қолдарын дереу кесіп алып тастауға шешім қабылдайды.

Қазіргі уақытта зардап шегушінің жағдайы оңалып келеді.  

Фото: Sommer, A./ Global Look