«18 ақпан күні сағат 04:37-де Екібастұз ЖЭО-сында су жылыту бөлігінің жылу желісін беру коллекторы зақымданды. Нәтижесінде салқындатқыш температурасының параметрлерін төмендету арқылы су жылыту қазандықтары тоқтатылды. Шамамен сағат 20:00 кезінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Коллекторды толтырғаннан кейін сағат 23:00-де жылу желісінің параметрлерін көтеру үшін кезек-кезек су жылыту қазандықтарын іске қосыла бастады. Оқиға орнында ТЖМ, Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті өкілдерінің қатысуымен облыс әкімдігінің жедел штабы жұмыс істеуде. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында», - деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметінен.
Ведомство ұсынған ақпарат бойынша қазір жылу электр орталығында 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Жылу беру температурасы 70 градус.
Еске салайық, кеше Екібастұз ЖЭО-сында желілік су құбыры зақымдалып, үйлерге жылу беру азайтылған болатын.