Машат асуында жүк көлігі жол апатына ұшырап, Тараз — Шымкент трассасын жауып тастады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM- Жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Жол 5 маусым күні сағат 05:00–де қайта ашылады деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Келтемашат ауылы маңындағы Тараз — Шымкент автожолының 653-шақырымында Shacman маркалы жүк көлігі жол-апатына ұшырады. Салмағы 124,8 тонна, өлшемдері белгіленген нормалардан асатын көлік екі бағыттағы жолды толық жауып тастаған.
— Жүк көлігі «РФ шекарасы (Жайсан өткізу бекеті) — Мәртөк — Ақтөбе (солтүстік айналма жолы) — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент (солтүстік айналма жолы) — Тараз (айналма жол) — Қордай — Алматы — Қорғас — Қытай шекарасы (Нұр Жолы өткізу бекеті)» бағытымен жүріп келе жатқан, — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.
Оқиғаға Машат асуында тежегіш жүйесінің істен шығуы себеп болған. Жүргізуші көлікке ие бола алмай, жолды жауып, 200 метрден астам қоршауды бүлдірген. Апаттан зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі таңда көлік қозғалысы бір жолақпен жүзеге асырылып жатыр, оқиға орнында жол қызметтері жұмыс істеп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының мәліметінше, бұл көлікке жол жүруге рұқсат берілмеген. Оның параметрлері нормативтен асқан (ені — 5,2 м, биіктігі — 5,2 м).
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тасымалдаушылар мен жүргізушілерді ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға, тиісті рұқсаттарды уақтылы алуға, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылауға шақырады.
— Талаптарды елемеу заңнаманы бұзып қана қоймай, басқа да жол пайдаланушыларға қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда жол қозғалысының басқа қатысушылары зардап шегеді, — делінген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте таксиді таспен ұрған бойжеткен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.