Мемлекет басшысының ел алдына қойған мақсаттарының бірі - салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл шара Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне және ішкі істер саласында ұзақ жыл еңбек еткен, запастағы подполковник Манарбек Баженеевтің 70 жасқа толу мерейтойы шеңберінде ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаяу жүгірушілер қатарында танымал жеңіл атлеттер де бар. Осы марафонның маңыздылығын түсінгендіктен әрбір елді мекеннен де тұрғындар мен мектеп оқушылары да қосылуда. Марафонды Манарбек Баженеевтің өзі бастап жүгіріп келе жатыр.
Марафоншылар жол бойы Баянауыл, Майқайың кенттерін басып өтті. Кеше Екібастұз қаласында болып, жергілікті әкімшілік басшыларымен және тұрғындармен кездесулер болды. Айта кету керек, 1970 жылдары Манарбек Баженеев Екібастұз қалалық мемлекеттік автоинспекциясының бастығы қызметін атқарған. Манарбек Баженеевтің ауылдағы қарапайым қызметтен басталған еңбек жолы биік белестерге жетеледі. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, автомобиль жүргізушісі оқуын тамамдап, өмірлік арманы болған ішкі істер саласында қызмет істеуге шақырылған. 1964 жылы Павлодар облыстық мемлекеттік автоинспекциядағы басталған еңбек жолы үлкен жетістіктердің бастауы болды. Абыройлы қызметтер атқарып, үлкен өмір мектебінен өтті. Қазір зейнеткерлікке шыққанмен, еңбектен қол үзбей, қауіпсіздік қызметі саласында мол тәжірибе көрсетіп келеді.
Марафоншылар Қарасор, Қалқаман, Пограничник және Ленин елді мекендері арқылы мамырдың 21-і күні Павлодар қаласына жетеді.