ҚМДБ мәліметінше, аталмыш тараптардың келісімі бойынша «Мәшһүр Жүсіп» оқуларының қалалық алғашқы байқауын екі сатылы жүргізіп, осы шараға кететін қаражатты бөлісіп шығарады. Конкурста Мәшһүр Жүсіп өлеңдерін жатқа оқу, «Әркім өзін таныса сонда Тәңірісін таниды» көрсетілімі бойынша ұсынылған шығармалар мазмұнына талдау жасау, «Өз өнерім - өзіме алтын тағым» көрсетілімі бойынша қатысушылар Мәшһүр Жүсіпке жазған арнау өлеңін оқиды. Оған қоса қатысушылар арнайы дайындалған сұрақтарға жауап береді. Жүлделі орын иеленгендерге бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Сонымен қатар бұл конкурсты келесі жылдан бастап облыстық, республикалық деңгейлерде ұйымдастырып өткізу көзделіп отыр. Байқаудың негізгі мақсаты - дала ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұралары мен шығармашылық өмірбаянын жастарға насихаттау арқылы олардың өміріне имандылық, отаншылдық тәрбие қалыптастыру болып табылады.
Қатысуға ниет етушілер www.pvlmeshit.kz сайты арқылы конкурс ережесімен таныса алады.