Машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың бағыты өзгереді - Президент

Қазақстан машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағытын өзгертеді. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ақорда

«Ресейлік жетекші «Россельмаш» компаниясының, Петербург трактор зауытының тракторлары мен комбайндарын құрастыру өндірісі табысты жүзеге асырылуда. Қазақстандық фермерлер арасында Вектор, Кировец, Акрос сынды модельдер үлкен сұранысқа ие. Қазақстан фермерлерге жеңілдікпен несие және лизинг беру арқылы ауыл шаруашылығы техникаларына сұранысты қамтамасыз етіп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді.

Бұл ретте Президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.