Машина жасау саласында маман тапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін машина жасаушы жұмысшылардың кәсіби мерекесі. Бұл бағытта елімізде 131 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Kazinform тілшісі машина жасау саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маманмен сұхбаттасып қайтты.
– Бұл саланы әкем таңдаған. Сол кісінің таңдауы бойынша мен де ары қарай алып кеттім. Өкінген емеспін. Керісінше, бастаған тірлікті соңына дейін алып бару керек. 2005 жылы Навои облысы Үшқұдық қаласындағы кәсіптік тау колледжінде металл өңдеу шебері мамандығы бойынша білім алдым. Бітіре сала жұмысқа кірісіп кеттім. Бұған дейін әр өңірдегі зауыттарда жұмыс істегенмін. 2011 жылдан бері локомотив құрастыратын зауытта еңбек етіп, нәпақамды тауып жүрмін. Қазір қондырғы операторымын, – дейді Жәнібек Мақсат.
Жұмысшы елге қызмет ету азаматтық борышымыз дейді.
– Елорда болғаннан кейін жастардың келешегі деп осында келген едік. Елордамызды көркейтейік, бала-шағамыз осында өссін деген ниет болды. Елдің дамуына үлес қоссам деймін. Солай осы жұмысқа орналастым. Кәсіпорын алғаш келген жылы жас маман ретінде үй берген. Сонда тұрамыз. Ол үйге кіргенде екі балам болған. Қазір төртеу, – дейді ол.
Жәнібек Мақсат зауыттағы жұмысын түсіндірді.
– Мен темір жонатын 3 қондырғымен жұмыс істеймін. Қондырғылар толығымен автоматтандырылған. Темірді қойып, координатын белгілесеңіз жеткілікті. Бәрін өзі істеп береді. Өзімнің жұмысыма көңілім толады. Олай болмаса, мұнда қызмет етпес едім, – дейді маман.
Өндіріс саласына маман тапшы дегенді алғаш рет естіп жатқан жоқпыз. Кейіпкеріміз сөз барысында жастардың жеңіл жұмысқа жиі мойын бұратынын айтып қалды.
– Жастар қатты үйренгісі келмейді ме, білмедім. Біздің мамандық тапшы. Бұл саланы көп жастар оқығанымен, басым бөлігі жеңіл жаққа кетіп қалып жатыр. Оқып келгендердің көбі жұмысты ауырсынады. Ал шын мәнінде бұл саланың жақсы жемісі бар. Біз секілді мамандар кез келген мекемеге жұмысқа тұрып кете алады. Егер машина жасау саласында маман тапшылығы жалғаса берсе, кадрларды шетелден алып келуге тура келеді. Бұл өндірістің дамуын кешеуілдетеді, – дейді жұмысшы.
Кейіпкеріміз өз балаларын да осы салаға тәрбиелеп жүр.
– Өзімнің де балаларым өсіп келе жатыр. Оларға да осы бағытта бар білгенімді ұрысып тұрып үйретіп жатырмын. Біреудің баласына ұрса алмайсың ғой. Мұнда жастардың жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалған. Сол үшін жастар көптеп келсе екен дейміз. Мен жастарды қолдаймын. Қазір келіп, үйреніп жатқан жастар да бар. Өзім 15 шақты шәкірт тәрбиеледім. Қазір зауытта, осы айналада жұмыс істеп жүргендері де бар. Талпынысы бар, бірақ кішкене қиындау. Сонда да үйретуге болады, – дейді Жәнібек Мақсат.
Тәжірибелі маман жастарды машина жасау саласына қызықтыру үшін озық технологияларды көптеп тарту керек деген пікір білдірді.
– Жас мамандарды ұстап қалу үшін озық технологияларды қолдану керек. Зауыттар жаңа станоктармен жұмыс істеуі тиіс. Сол кезде жастардың қызығушылығы көбейеді деп ойлаймын, – деді ол сөз соңында.
Жәнібек Мақсат жұмыс істейтін зауытта әсіресе техникалық мамандар тапшы.
— Көбінесе техникалық мамандар өте қажет. Дәнегерлеуші, станоктарға операторлар, мастерлер, инженерлер жетіспейді. Жастар жеңіл жұмысқа қарай ауысып кетіп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, елімізде өндіріс тоқтап, локомотивтерді шетелден сатып алатын жағдайға жетеміз, - дейді зауыт қызметкері Рауан Дөңсебаев.
Айта кетейік, елімізде соңғы 10 жылда машина жасау саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.