«Ғылым ордасы» РМК қорында сақталған аталған жинақ – қазақ халқының тарихы, әдебиеті мен рухани өмірінен мол мағлұмат беретін құнды жазба мұра. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шығармаларында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық өмірді, елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын кеңінен қамтыған. Оның еңбектерінде ағартушылық ұстаным, ғылым мен білімге шақыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу идеялары айрықша орын алады.
Бұл маңызды жетістікке қол жеткізуде «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының мамандары елеулі еңбек атқарды. Олар номинациялық құжаттарды дайындап, сирек басылымдардың тарихи және мәдени құндылығын ғылыми тұрғыдан дәйектеуге, қажетті деректер мен материалдарды жинақтауға атсалысты.
Мәшһүр Жүсіп мұрасының халықаралық деңгейде мойындалуы – қазақтың жазба мәдениеті мен тарихи жадын әлемге таныту жолындағы маңызды қадам. Сонымен бірге бұл шешім ұлттық рухани мұраны сақтау, ғылыми тұрғыдан зерделеу және оны келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте айқындайды.
ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» өңірлік тізіміне енуі ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын халықаралық ғылыми ортада кеңінен насихаттауға, оны терең зерттеуге және әлемдік мәдени мұра аясында танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Мәшһүр Жүсіптің бейнесі қалай сақталып қалғанын бұған дейін жазған едік.