Мәсімов Терроризмге қарсы орталықтың кезекті отырысын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Консультациялық-кеңесші органның жұмысына Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Ә. Әбдімомынов, Бас прокурор Ж.Асанов, министрліктер мен ведомстволардың басшылары, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдері қатысты.

Каспий теңізінің құрлық қайраңы шегінде орналасқан объектілерге қатысты террористік қауіп-қатерлерге ден қоюға мемлекеттік органдардың әзірлігі мәселелері талқыланды.

Терроризмге қарсы орталықтың басшысы ТҚО-ның 2017 жылғы жұмысын қорытындылады және келесі жылға арналған бірінші кезектегі міндеттерді белгіледі.

ТҚО отырысының нәтижелері бойынша бірқатар хаттамалық шешімдер қабылданды.