Маск АҚШ-тағы әр балаға екеуден SpaceX акциясын таратуға уәде берді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі ең бай адам Илон Маск америкалық балаларға таратпақ болып отырған SpaceX акцияларының санын еселегенін мәлімдеді.

Фото: Shutterstock/FOTODOM

Қазан айында ол әр балаға біреуден компанияның акциясын таратуды уәде еткен болатын, енді ол акция санын екі еселейтінін айтты.

— Балалар компаниядан бір акция, менен тағы бір акция алады, — деді Маск X арнасындағы қысқа хабарламасында.

Бұған дейін сәрсенбі күні SpaceX 18 жасқа толмаған америкалықтарға ерте жастан бастап инвестиция салу және жинақтау мүмкіндігін беру үшін іске қосылған Trump Accounts бағдарламасы арқылы ашылған әрбір шотқа біреуден жаңа А класындағы акция бөлетінін хабарлаған еді.

— SpaceX болашақтың инфрақұрылымын құруда және Жерден тыста өмір сүру мүмкіндігін жасауға әрекет етіп келеді. Біз осы технологияларды әзірлейтін компанияда америкалықтардың келесі ұрпағының да үлесі болуы керек деп санаймыз. Бүгін біз келесі ұрпаққа керемет болашақты құруға қатысу мүмкіндігін беру үшін миллиондаған америкалық балаларға SpaceX акциясын беруге міндеттеніп отырмыз, — делінген компания мәлімдемесінде.

Қазан айындағы жағдай бойынша бағдарлама аясында шамамен 70 миллион шот ашылған. SpaceX акциялары сәрсенбіде 127,44 доллармен жабылды, яғни дәл қазір ұсынылатын инвестицияның жалпы құны шамамен 18 миллиард долларға жетеді.

Еске сала кетейік, Илон Маск балаларға SpaceX акцияларын тарататынын қазан айында айтқан болатын.

Бұған дейін SpaceX ғарышқа миллион жерсерік ұшыруға рұқсат алғанын хабарлаған едік.