Маска тақпаған Өскемен әкіміне айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шарада маска тақпағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің Өскемен әкіміне қатысты тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлаған болатынбыз.

«Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шараға қатысқан шаһар басшысы Жақсылық Омардың маска тақпай түскен фотосуретіне қатысты БАҚ-та тараған ақпараттар және жеке тұлғалардың өтініштері мұқият қаралды. Соның нәтижесі бойынша аталған тұлғаға қатысты қысқартылған өндірістік тәртіппен ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта Ж.Омар айыппұлды өз еркімен төледі», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осы ретте, ведомство өкілдері ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында жазылған маска тағу талабы барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті екендігін еске салды.

Айта кетейік, карантин талабын бұзған қала әкімі 15 АЕК, яғни 43 755 теңге мөлшерінде айыппұл төлеген.