Мәскеу әуежайларында 60-тан астам рейс кешігуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу әуежайларындағы онлайн-таблода 60-тан астам рейс кешігіп жатыр. Ұшақтардың кешігу себептері көрсетілмеген, деп жазды РИА Новости.

«Домодедово» таблосындағы мәліметтер бойынша, кеше Мәскеу уақытымен 21:30-да 18 ұшу және 30 келу рейстері кешікті. Екі рейс тоқтатылды. «Шереметьево» әуежайында келуі тиіс 5 рейс, ал «Внуковода» 15 рейс кешіккен.

Мәскеу ТЖМ баспасөз қызметі қалың жауған қар мен бораннан мың метрге дейінгі жерді көру мүмкін болмайды деп хабарлаған еді.

Сенбі күні «Аэрофлот» қолайсыз ауа райына байланысты 6-7 қараша күндері «Шереметьево» әуежайының бірқатар рейстері кешігетінін хабарлады.