Мәскеу билігі Кудрин алаңындағы мейрамханада болған жарылысты теракт деп бағалады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәскеудің орталығындағы Кудрин алаңында орналасқан мейрамханада қолдан жасалған жарылғыш заттың жарылуы салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 21 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Мәскеу мэрі Сергей Собянин бұл оқиғаны террористік акт деп атады, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Фото: ТАСС

1 тамыз күні кешке Кудрин алаңындағы мейрамханада қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жарылған. Ұлттық терроризмге қарсы комитеттің (ҰТҚК) ақпараттық орталығының мәліметінше, оқиға салдарынан үш адам көз жұмып, 21 адам жараланған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жарылғыш құрылғыны мейрамханаға әйел адам алып кірмек болған. Кіреберісте күзетші оны тоқтатқан сәтте жарылыс болған. Соның салдарынан әлгі әйел, күзетші және мейрамханаға келген бір адам қаза тапқан.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, болған оқиғаны террористік акт деп бағалады.

– Кеше Мәскеуде адам өмірін қиған қатыгез террористік акт жасалды, – деді ол.

Оның айтуынша, зардап шеккендердің барлығы қалалық ауруханаларға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек алып жатыр. Сондай-ақ құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын және кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылатынын айтты.

«Альфа» арнайы жасағының ардагері Сергей Гончаров күзетшінің әрекеті бұдан да көп адамның өмірін сақтап қалғанын атап өтті.

– Тірі қалғандар өз міндетін адал орындап, қорапты тексерген күзетшіге қарыздар. Ол залдағы көптеген адамның өмірін сақтап қалды, – деді Гончаров.

Сонымен қатар ол жарылғыш зат салынған қорапты алып келген әйел оның ішінде не барын білмеуі мүмкін деген болжам айтты. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

«Россия сегодня» медиатобының бас редакторы Маргарита Симоньян қаза тапқан күзетшінің отбасына 1 миллион рубль көлемінде сыйақы берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, күзетшінің батыл әрекеті әлдеқайда көп адамның өмірін аман алып қалған.

Осыған дейін Ресейде теракт жасаушылардың 80%-ы 35 жасқа дейінгі жастар екені туралы жаздық.