Мәскеу мен Баку арасында круиздік лайнер қатынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеу мен Баку арасында круиздік қатынас жақын арада іске қосылуы мүмкін. Люкс санатындағы лайнермен екі бағыттағы сапар шамамен 14 күнге созылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі АЗЕРТАДЖ-ға сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы Ресейдің Әзербайжандағы сауда өкілі Адам Хакимов «Звезда» телеарнасының эфирінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, люкс санатындағы круиздік лайнермен сапар екі бағытта шамамен 14 күнге созылады. Оның жеті күні Мәскеуден Бакуге, қалған жеті күні кері бағытқа жоспарланған.

— Жақын арада Мәскеу — Баку бағыты бойынша круиздік лайнерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазір бір кеме толық дайын, тағы екі кеме жолға шығуға әзірленіп жатыр. Жоба сәтті жүзеге асса, қалған екі кеменің де Бакуге қатынауына үміт артамыз, — деді ол.

Сауда өкілінің айтуынша, жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, круиздік кемелердің құрылысына Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі де субсидия бөледі.

Еске салайық, бұған дейін экономикалық тұрақсыздыққа, энергия тасымалдаушылар бағасының жоғары болуына және халықаралық қақтығыстарға қарамастан, теңіз круиздері нарығы тұрақты өсіп келе жатқанын жазғанбыз.

2025 жылы круиздік саяхаттарға шыққан жолаушылар саны 37 миллионнан асып, тарихи рекорд орнатты.

Халықаралық круиздік компаниялар қауымдастығы сұраныс алдағы уақытта да арта түседі деп болжап отыр. Ұйымның бағалауынша, 2026 жылы жолаушылар саны 38 миллионнан асып, 2029 жылға қарай 42 миллионға жетеді.