Мәскеу мен Францияда бедеулікті емдеу бойынша жасалған операциялар он-лайн режімінде Астанада көрсетілді

ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Мәскеу мен Францияның жетекші емханаларында бедеулік және эндометриоз сырқаты бар науқастарға жасалған операциялар тікелей тарату арқылы Астанада көрсетілді.

Телемедицинаның жетістіктері бүгін Астанада «Бедеулікті емдеудің қазіргі шешімдері. Қосалқы репродуктивті технологиялардың проблемалары» тақырыбында басталған ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында тағы бір паш етілді.

Оталардың тікелей көрсетілімін конференцияға қатысқан Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан, Франция, Бельгия, Грекия, Израиль мемлекеттерінен репродуктивті технология саласындағы жетекші мамандар, бедеулік мәселесімен айналысатын акушер-гинекологтар, андрологтар, генетиктер, жатырдан тыс ұрықтандыру орталықтарының өкілдері, барлығы 300-ге жуық адам көрді.

Астана уақытымен сағат 14.15-те басталып, 15.30-да аяқталған операцияны Мәскеу облыстық акушерлік және гинекологиялық ғылыми зерттеу институтынан профессор Александр Попов өткізді. Ресейлік ғалым бедеулік кезіндегі эндовидеохиругияның мүмкіндіктерін көрсетті.

Поповтың шеберлік-сабағынан кейін, іле-шала Францияның Клермон-Феран емханасынан тікелей эфир қосылды. Профессор Реваз Бочарошвили конференция қатысушыларына эндометриоз кезіндегі эндовидеохирургияның мүмкіндіктерін көрсетуге тырысты.

Айта кетейік, Қазақстанда жатырдан тыс ұрықтандыру (ЭКО) проблемасы алғаш рет 1995 жылы Алматы қаласындағы репродуктивті орталықта қолға алынды. Қазақстандық дәрігерлер еңбектерінің алғашқы жемісін келесі жылы-ақ көрді. «Пробиркадан» шыққан бірінші қазақстандық бала биыл 15 жаста.

Осы жылдар ішінде елде әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеудің ең озық репродуктивті емдеу технологиялары игерілді. Бүгінде жұмыс істеп тұрған 10 ЭКО орталығында 20 мыңға жуық жұп емделіп, көптен күткен 6 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бағдарламаның тиімділігі Еуропаның жетекші орталықтарына сай және оның тиімділік деңгейі 40 пайыздан асады. Қазақстандық деректер 2008 жылы еуропалық Қосалқы репродуктивті технологиялар тізіміне енді.