Мәскеу мэриясы шенеуніктер санын қысқартпақ

Фото: ТАСС

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Мәскеу қаласы әкімшілігінің басшысы Сергей Собянин биылғы жылдың жазы басталғанға дейін елордада қалалық басқарушы-шенеуніктердің штат саны қысқартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Мәскеудегі тілшісі мэрияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша бюджет кірістері 2%-ға артқан. Бұл көрсеткіш жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде жоспарланған 6,5%-дық өсімнен төмен.

Бюджетті теңгерімдеу мақсатында қала билігі 2026 жылдың 1 маусымына дейін Мәскеу атқарушы билік органдарындағы азаматтық мемлекеттік қызметшілер санын 15%-ға қысқарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар басқарушылық функциялары бар кейбір ведомстволық мекемелердің қызметкерлері де қысқартуға ілігеді.

Алайда тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер қызметкерлерінің саны қысқартылмайды.

Сондай-ақ 2026 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру шығындарын 10%-ға оңтайландыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, қалалық ортаны абаттандыру және мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатысты кейбір жобалар қысқартылып немесе кейінгі мерзімге шегеріледі.

Сонымен бірге реновация бағдарламасы, метро құрылысы және басқа да негізгі жобалар жоспарланған мерзімде жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, БАӘ-ден шамамен 7 мың ресейлік турист елге қайтарылды.