Мәскеу метросындағы жарылыстардан қаза болғандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ - СІМ

аурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мәскеу метросындағы жарылыстардың салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифингте аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, Мәскеу метросындағы жарылыстардан қаза болғандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстанның азаматтары жоқ», деді ол.

І. Омаровтың сөзіне қарағанда, бұл мәселе Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінің тұрақты бақылауында болады. Сонымен қатар, баспасөз хатшысы ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев аталған қаніпезерлік шабуылдардан зардап шеккендердің отбасыларына, сондай-ақ Ресей халқына көңіл айтқанын жеткізді.

Айта кетейік, Мәскеудегі метрода болған жарылыстың салдарынан 35 адам қаза болып, 73 адам дене жарақаттарын алған.