Мәскеу метросының басшысы отставкаға кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеулік метро басшысы отставкаға кетті. Бұл туралы үкімет отырысында қала әкімі Сергей Собянин хабарлады.

Ол соңғы жылдары метрода жылжымалы құрамды жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін, қызметкерлердің жалақысы көбейтіліп, техникалық ақаулар саны азайғандығын атап өтті.

«Алайда 10 шілдеде метроның Арбат-Покровский желісінде қайғылы жағдайдың орын алуы соңғы жылдары метрода жүргізілген ауқымды жұмыстарды жоққа шығарды, сондықтан метрополитен басшысы Иван Беседин лауазымынан босатылады», - деді Собянин.

Иван Беседин 2011 жылдың 7 ақпанында Дмитрий Гаевтің орнына Мәскеу метрополитенінің жаңа бастығы ретінде тағайындалған болатын, деп жазады ИТАР-ТАСС.